Пхенчан Олимпиадасы: үміттер ақтала ма?

 

Биыл спорт жанкүйерлерін ерекше елеңдететін үш үлкен жарыс бар: қысқы Олимпиада ойындары, футболдан әлем чемпионаты және жазғы Азия ойындары.

Төрт жылда бір келетін Олимпиада — спортшылар үшін ең басты оқиға. Биылғы, яғни ХХІІІ қысқы Олимпиада 9-25 ақпан аралығында Корея Республикасының Пхенчан қаласында өтеді. Алдағы ақ Олимпиадаға қазақстандық спортшылар әзірге 33 жолдама алып отыр. Спортшыларымыз бұл жолдамалармен шектеліп қалмайды, өйткені Олимпиада жолдамасы үшін болатын жарыстар әлі де жалғасып жатыр.

Осыған дейін тәуелсіз Қазақстанның спортшылары 6 рет қысқы Олимпиадаға қатысып, 7 медальға ие болды. Оның ішінде ең сәтті, ең табысты дода — 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасы болды. Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Олимпиадада қазақстандық шаңғышы Владимир Смирнов әртүрлі қашықтықтарда бір алтын, екі күміс медаль жеңіп алды. Сөйтіп, ол тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Олимпиада чемпионы ретінде тарихқа енді. Шаңғышы Смирновтың жетістіктері арқасында егемендігін енді ғана алған, жас мемлекеттің құрамасы жалпыкомандалық есепте 12-орынға бір-ақ жайғасты. Қазақстанның Олимпиадалық құрамасы мұндай жетістікке одан соң тек 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында ғана қол жеткізген еді. Өкінішке қарай, кейінгі допинг дауы Лондон Олимпиадасының нәтижелерін жоққа шығарды… Сөйтіп, Лиллехаммер Олимпиадасындағы жалпыкомандалық12-орын әзірге тәуелсіз еліміздің жазғы, қысқы Олимпиадалардағы көрсеткіштерінің ең жоғарғысы болып отыр.

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен қысқы Олимпиадада қазақстандық спортшылар екі қола медаль, ал жалпыкомандалық есепте 21 орын алды. Бұл жолғы жүлделердің бірі тағы да — Владимир Смирновқа; екіншісі конькимен жүгіруші Людмила Прокашёваға тиесілі.

Нагано Олимпиадасынан кейінгі екі қысқы Олимпиадада Қазақстан мүлде жүлдесіз елдер қатарында қалды. Смирнов та, Прокашёва да Қазақстанда туып-өскен, бірақ кеңестік спорт мектебінде шыңдалған спортшылар еді. Сондықтан, 2002, 2006 жылғы Олимпиадалардағы сәтсіздіктерді: «Қазақстан қысқы спорт түрлерін дамыта алмайды» — дегенге жорып, «заңдылыққа» санаған сарапшылар да болды. 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында биатлоншы Елена Хрусталева Қазақстан қоржынына күміс жүлде салды. Дегенмен, Елена Хрусталева Ресей биатлон мектебінің түлегі екені, Ванкуверге дейін өз елінің атынан өнер көрсеткені белгілі.

2011 жылы Алматыда өткен Азия ойындары сарапшылардың қазақтарға қысқы спорт жат деп білген сұрқай болжамын жоққа шығарды. Осы Азиядадан кейін шаңғышы Алексей Полторанин, конькимен жүгіруші Денис Кузин, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, т.б. спортшыларымыз әлемдік додаларда жетістіктерге жетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондықтан біз 2014 жылғы Сочи Олимпиадасына үлкен үмітпен қараған едік. Өкінішке қарай, біз жолына үмітпен қараған спортшылардың арасынан мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ғана жүлдеге ілікті. Денис Тен — тәуелсіз Қазақстанда туып-өсіп, қысқы Олимпиада жүлдесіне қол жеткізген тұңғыш спортшы. Денистің қола жүлдесі арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 25-орыннан көрінді. Смирнов, Прокашёвалардан кейін үзілген жол, 16 жылдан кейін, осылайша жалғасты…

Пхенчан Олимпиадасында 102 медаль жиынтығы сарапқа түседі. Олимпиадаға барлығы 85 елдің спортшылары қатысқалы отыр. Косово, Эритрея елдерінің спортшылары қысқы Ойындарға алғаш рет қатыспақ. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы дау-дамайға байланысты, КХДР құрамасының бұл додаға келу-келмеуі белгісіз болған еді. Жақын күндері бұл мәселе шешімін тапты: солтүстіккореялық спортшылар Пхенчанға келетін болды. Ал Ресей құрамасы Сочи Олимпиадасынан кейінгі допинг дауына байланысты, Пхенчан Ойындарынан шеттетіліп отыр. Ресейліктер Олимпиадаға қатысқан күнде де, өз елдерінің атынан емес, тек жеке спортшы ретінде ғана қатыса алады.

Бұл ақ Олимпиада бағдарламасына спорттың 15 түрі енген. Қазақстандық спортшылар 9 спорт түрінен жарысқа қатыспақ.

 

Жолдамаға ие болған спортшыларымызға келсек, олардың арасында Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен бар. Бұл — Денистің үшінші Олимпиадасы. 2010 жылы Ванкуверде ол мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында ең жас қатысушы болды және 11-орыннан көрінген еді. 2014 жылы Сочиде мәнерлеп сырғанау бойынша ең ақтық сында оның көрсеткіші — 255,10 балл болды. Одан кейін 2015 жылы Сеулде өткен төрт құрлық чемпионатында және 2017 жылы Алматыда өткен Универсиадада топ жарды. Әрине, ол Пхенчанда жүлдеден басты үміткерлер сапында болатыны сөзсіз.

Жалпы, спорттың бұл түрінен Қазақстан тарихында бірінші рет Олимпиадаға үш жолдама алынып отыр. Жолдамалардың бірін — Денис Тен, қалған екеуін Элизабет Тұрсынбаева әкелді. Элизабет алдағы Олимпиада кезінде, бұйыртса, 18 жасқа толмақ. Жастығына қарамастан, ол әлемге әйгілі спортшылардың біріне айналып үлгерді. 2016 жылы —  жасөспірімдер арасындағы Олимпиада Ойындарының жүлдегері, өткен жылы Универсиаданың қола жүлдегері атанды және халықаралық жарыстарда жеткен жетістіктері бұлармен шектелмейді. Конькимен жүгірушілердің халықаралық одағы рейтингі бойынша, Элизабет Тұрсынбаева — 8-орындағы спортшы. Ол жеңіп алған екінші жолдама Айза Имамбекке бұйырып отыр. Естеріңізде болса, Айза Алматыда өткен Универсиадада Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйі әуенімен өнер көрсеткен еді.

Конькимен жүгіруден қолда бар жолдамалар саны — 6. 2011 жылғы Азия Ойындарының жеңімпазы (1500 м) және 2013 жылғы әлем чемпионы (1000 м) Денис Кузиннің Сочи Олимпиадасындағы ең жоғары көрсеткіші 7-орын ғана болды. Ал Роман Кречтің Сочи  Ойындарындағы 7-орнын (500 м) жанкүйерлер, керісінше, күтпеген сәттілік ретінде қабылдады. Биыл олар әлдеқайда сәттірек өнер көрсетеді деп үміттенеміз.

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полтораниннің Сочи Олимпиадасы алдындағы маусым қорытындысы бойынша көрсеткіштері өте жоғары болған еді. Сондықтан, Сочи Олимпиадасы барысында қазақстандықтар оған ерекше жанкүйерлік етті. Оның жанкүйерлері қатарында тіпті Владимир Смирновтың өзі де болды. Бірақ ол жолы Алексей бізді қуанта алмады. Сол өкініштің орнын толтырар сәт Пхенчанда туғай!

23 жастағы Галина Вишневская (биатлон) Азия Ойындарының, Универсиаданың чемпионы атанып үлгерді. Ал, Олимпиадаға ол басты үміткерлер қатарында бара жатқан жоқ. Дегенмен, кім білсін?..

Біздің фристайлшыларымыз соңғы жылдары жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Могулден Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков әлем Кубогы кезеңдерінде жүлдегер атанды. Дайындықтары мықты. Тек сәттілік жолдас болғай!

Осы үш спортшымен қатар, Пхенчанда Аяулым Әміренова да өнер көрсетеді.

Фристайлдың акробатика түрінен 5 жолдама алынды. Бірақ, құраманың құрамы әлі нақтыланған жоқ. Алайда, бұрыннан жақсы нәтижелерге жетіп жүрген Жанбота Алдабергенова, Жібек Арапбаева және Бағлан Іңкәрбек сынды спортшыларымызды құрама сапынан көретініміз анық.

Қазақстандық шорт-трекшілер де бұл жолы ерледі: олар Олимпиадаға 10 жолдама жеңіп алып отыр. Шорт-тректен қыздар құрамасы сапына кореялық Енг А Ким шақырылды. Бұл қыздарымыздың деңгейін көтеру үшін жасалған қадам болды. Ал, ерлер құрамасына келсек, олар бүгінде легионерлерсіз-ақ мықты командалардың бірі ретінде өздерін мойындатты. Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша әлем Кубогы кезеңдерінде жеңімпаз атанды. Сондықтан, әрине, шорт-трекшілерімізді де біз медальға үміткерлер қатарына қоса аламыз.

Алдағы Олимпиадада жүлдегерлер қатарынан өз отандастарымызды да көруге жазғай!

Әзірлеген И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Источник