Жерлес спортшылардың жеңісі

Кеше ақтөбелік спортшылар жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында жеткен жетістіктері жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азат Қазиханов пен облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Әліби Сарин өткізген жиында 1-3 желтоқсан күндері аралығында Атырау қаласында қазақ ұлттық жекпе-жек спорт түрінен өткен тұңғыш әлем чемпионатында жерлестеріміздің олжалы оралғаны айтылды. Айтулы додаға 8 мемлекеттен 100-ден астам спортшы қатысып, өз арасында ең мықтыны анықтаған.

Еліміздің үздік деген палуандарынан құралған қазақстандық құрама команда жасақталып, оқу-жаттығу жиындары Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған-ды. Жерлес спортшыларды жарысқа дайындау Айбек Шоқпытов және Әліби Сарин сынды жаттықтырушыларға тапсырылған болатын.

Чемпионатта облысымыздың намысын 4 спортшы — Дәурен Ермеков (85кг), Бағдат Жұбаныш (53кг), Мирас Ұлықпанов (65кг), Айбек Атабаев (90кг) қорғап, барлығы да жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Атап айтсақ, Дәурен Ермеков бірінші белдесуінде қырғыз спортшысын жеңіп, жартылай финалда қазақ спортшысымен кездесуге шықты. Жартылай финалда Дәурен өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, финалда өзбек ұлтының қарсыласымен тартысты кездесу өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша ұлттық жекпе-жек спорт түрінің ең алғашқы әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Ал Мирас Ұлықпанов алғашқы айналымда өзбек спортшысын нокаутпен жеңіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда төрешілердің  шешімі бойынша Қырғыз елінің спортшысынан басым түсіп, финалда дағыстандық тәжірибелі спортшымен сынға түсті. Нәтижесінде Мирас өзінің шеберлігін көрсете біліп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Бағдат Жұбаныш алдымен өзбекстандық спортшыны, екінші кездесуінде отандасын басып озып, ақтық сында қырғыз әріптесімен кездесті. Кездесу нәтижесінде Бағдат әлем чемпионы атанды.

Өз кезегінде Айбек Атабаев бірінші жекпе-жегінде Ресей елінің спортшысынан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Бірақ жартылай финалда қырғыз спортшысына жол беріп, қола медальді қанағат тұтты.

Сондай-ақ, Астана қаласында жекпе-жек сайысынан ұйымдастырылған ашық республикалық турнирде ақтөбелік Айдын Төлепбаев I орын алғанын айта кету керек.

Ақтөбенің түкпір-түкпірінен шыққан жігіттер спорттағы жетістіктері мұнымен шектелмейтінін, алдағы уақытта да талай жарысқа қатысатынын айтып, тілеулестеріне ризашылығын білдірді.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Источник